Бүгін біз Димаш орындаған «Дайдидау» әні арқылы қазақ тіліндегі сағыныш, сыпайылық, теңеу, ішкі сезімді білдіретін құрылымдарды атап үйренеміз. Бұл сабақта біз әнді жай ғана тыңдамаймыз, түсінуге тырысамыз. Әр тармақты тоқтатып, сөзін, грамматикасын және мағынасын түсіндіреміз. Бұл бейнесабақтағы әріптерді, дыбыстарды және фонетикалық ерекшеліктерді түсіну үшін осы сілтемедегі кіріспе видеоны көруіңізге болады:
https://abai.institute/learn/dimash-songs/4
Ж1: Бұл әнде сөз аз сияқты көрінеді, бірақ әр сөзде үлкен сезім бар. Қазақ лирикасында «қарағым», «еркем», «-ай» сияқты сөздер адамның сезімін жеткізеді.
Ж2: Яғни біз тек аударма жасамаймыз, сөз астарындағы сезімді де түсінеміз.
Экран/монтаж: Экранда үш сөз: «еркем», «қарағым», «-ай».
«Хат жаздым қалам алып сізге, еркем»
Ж1: Тыңдайық: «Хат жаздым қалам алып сізге, еркем». «Хат жаздым» – өткен шақ. «Жаздым» сөзіндегі -ды(м) өткен шақты, бірінші жақты көрсетеді: мен жаздым. «Қалам алып» – екі әрекетті байланыстыратын көсемше құрылым: қалам алып, хат жазу. «Сізге» – бағыт, сыпайы форма. «Еркем» – еркелету, меншіктеу мәні.
Ж2: Мұнда сөйлеуге дайын тіркес бар: «Сізге хат жаздым». Күнделікті тілде де, поэзияда да қолдануға болады.
Экран/монтаж: жаз + дым; қалам ал + ып; сіз + ге; ерке + м
«Жүзің бар он төртінші айдай көркем»
Ж1: Қазір осы жолды тыңдаймыз: «Жүзің бар он төртінші айдай көркем». «Жүзің» – сенің жүзің. «Он төртінші ай» – айдың толықсып, ең көркем көрінетін шағы[П3] . «Айдай» сөзіндегі -дай жұрнағы теңеу жасайды: ай сияқты. «Көркем» әдемі ғана емес, нәзік, жарасымды деген мағына береді.
Ж2: Бұл тармақтағы «айдай» сөзі негізгі кілт сөз деуге болады. Қазақ тілінде сұлулықты айға теңеу жиі кездеседі.
Экран/монтаж: ай + дай = ай сияқты. Мысалдар: күндей жылы, таудай үлкен, гүлдей нәзік.
«Есіме сен түскенде, беу, қарағым»
Ж1: Енді осы жолды тыңдаймыз: «Есіме сен түскенде, беу, қарағым». «Есіме түсу» – қазақ тіліндегі тұрақты тіркес. Тура аударсақ, бір нәрсе адамның есіне «түседі». Табиғи мағынасы – біреуді еске алу, ойға оралу. «Беу» – эмоциялық одағай. «Қарағым» – өте жылы, жақындықты білдіретін қаратпа. «-кенде» - уақытты білдіреді, яғни, дәл сол уақытта «сен менің есіме түстің»
Ж2: «Мен сені есіме алдым» деп те, «сен есіме түстің» деп те қолданамыз. Мұнда әрекет әртүрлі.
Экран/монтаж: ес + ім + е; түс + кенде; қара + ғым. Экранда: «Сен есіме түстің».
«Қозғайсың қатып қалған іштің дертін»
Ж1: Бірге тыңдайық: «Қозғайсың қатып қалған іштің дертін». «Қозғайсың» – сен орнынан қозғалттың, жылжыттың. «Қатып қалған» – бұрыннан бар, қозғалыссыз қалған күй. «Іштің дерті» – адамның ішкі әлемі, жүректегі ауыр сезім, мұң, қайғы, өкініш болуы мүмкін. Бұл жолда ескі мұң қайта қозғалады.
Ж2: Мұнда қазақ тіліндегі «іш» сөзінің ауыспалы мағынасы маңызды: ішкі сезім, жан дүниесі.
Экран/монтаж: қат + ып қалған = нәтижелі күй; іштің дерті = ішкі ауыр сезім.
Ж1: Қайырмадағы «Дайдидау» сөзін тура аударуға асықпаймыз. Мұнда ең бастысы – дыбыс, әуез және эмоция. Ал «-ай» адамның сезімін созып, жұмсартып тұратын бөлшек сияқты естіледі.
Ж2: Сонда «қарағым-ай», «сәулем-ай», «елім-ай» дегендегі «-ай» да сондай ма?
Ж1: Иә. Ол сөздің мағынасын емес, әндегі сезімді күшейтеді.
Экран/монтаж: «-ай» бөлшегі дыбыс толқыны сияқты анимацияланады.
«Шынымен менен, достым, қалғаның ба»
Ж1: Келесі жол: «Шынымен менен, достым, қалғаның ба». «Шынымен» – шынымен, расымен деген поэтикалық форма, бұл сөзді тез түсіну үшін «шындығында» деген сөзбен ауыстыруға болады. «Менен» – меннен алыстау. «Достым» бұл жерде жай дос емес, жақын адам, сүйікті адам мағынасында жұмсалып тұр. «Қалғаның ба» – сенің қалып қойғаның ба, менен алыстағаның ба деген риторикалық сұрақ.
Ж2: Бұл жерде сұрақтың ішінде өкініш бар. Дауыс ырғағын жай, сенімсіздеу айту керек.
Экран/монтаж: шын + ы + мен – шындығында (шындық); қал + ған + ың + ба. Экранда: «Сұрақ + өкініш».
«Мойныңа айрылысуды алғаның ба?»
Ж1: Тыңдаймыз: «Мойныңа айрылысуды алғаның ба?». «Мойнына алу» – тұрақты тіркес, бұл жолда «сенің мойның, сен мойныңа». Тура мағынасы мойынға алу сияқты, бірақ ауыспалы мағынасы – жауапкершілікті, шешімді немесе кінәні қабылдау. «Айрылысуды мойныңа алдың ба?» – айрылысуды қабылдадың ба, расымен кетуге бекіндің бе немесе шешімді қабылдадың ба, осы істі сен атқарасың ба деген мағына.
Ж2: Бұл жолдағы «мойын» сөзі адамның дене мүшесі емес идиомаға айналған қолданыс.
Экран/монтаж: мойын + ың + а; айрылысу + ды; ал + ған + ың + ба. Идиома белгісі қойылады. Мойын суреті шығады.
«Екеуміз айрылмастай болып едік»
Ж1: Тыңдайық: «Екеуміз айрылмастай болып едік». «Екеуміз» – біз екеуміз. «Айрылмастай» – ешқашан айрылмайтындай. Мұнда айыр + ыл + ма + с + тай болып бөлінеді. «Болып едік» – өткен шақтағы бұрынғы күйді еске түсіру, өкініш реңкі бар.
Ж2: Бұл жолдағы сезімді «бір кезде біз ажырамайтындай едік» деп түсіндіруге болады.
Экран/монтаж: айыр + ыл + ма + с + тай; болып едік = бұрынғы күй, естелік.
«Қайтейін уәдеңнің жалғанына»
Ж1: Cоңғы тармақты тыңдайық: «Қайтейін уәдеңнің жалғанына». «Қайтейін» – не істейін, амалым жоқ деген мағына. «Уәдеңнің» – сенің уәдеңнің. «Жалғанына» – жалған болып шыққанына, яғни, өтірік. Бұл жолда шарасыздық басым.
Ж2: Сонда уәдесі жалған болған. Сөйлеуге дайын сөйлем: «Уәдең жалған болды».
Экран/монтаж: уәде + ң + нің; жалған + ы + на. Экранда: «амалсыздық».
Ж1: Енді әннен күнделікті сөйлеуге өтеміз. Бірінші сөйлем: «Сен есіме түстің». Екінші тіркес: «айдай көркем». Үшінші тіркес: «уәдесі жалған болды».
Ж2: Пікір жазу бөліміне: «есіме түсті» тіркесімен бір қазақша сөйлем жаза кетіңіз.
Экран/монтаж: Тапсырма: «... есіме түсті».