← Артқа

Бейнесабақ сценарийі

Бұл сабақта біз «Айқаракөз» әні арқылы қазақ тіліндегі қаратпа сөздерді, сұлулықты сипаттайтын теңеулерді және «сау-саламат» сияқты амандасу тіркестерін үйренеміз. Бұл әнде бір адам екінші адамға өте нәзік, құрметпен және сүйіспеншілікпен сөйлейді. Бұл бейнесабақтағы әріптерді, дыбыстарды және фонетикалық ерекшеліктерді түсіну үшін осы сілтемедегі кіріспе видеоны көруіңізге болады:

https://abai.institute/learn/dimash-songs/4

1-тармақ

 «Айналайын, қарағым, оуу, қара қасың»

Ж1: «Айналайын қарағым, оуу, қара қасың». «Айналайын» – қазақ тіліндегі ең жылы еркелету сөздерінің бірі. «Қарағым» – жақын, қымбат адамға айтылатын қаратпа сөз. «Қара қасың» тіркесі сұлулық белгісін көрсетеді.

Ж2: Айналайын, қарағым сөздері тура аударылмайды. Бұл сөздерде қазақтың сезімі жатыр.

Экран/монтаж: айналайын; қарағым; қара қас. Экранда қаратпа белгісі. Әдемі қыздың суреті.

2-тармақ

 «Қос иықтан бұралған қолаң шашың»

Ж1: Қазір осы жолды тыңдаймыз: «Қос иықтан бұралған қолаң шашың.». «Қос иық» – екі иық. «-тан» шығыс септік: иықтан. «Бұралған» – иірілген, толқындай түскен. «Қолаң шаш» – ұзын, қалың, әдемі шаш. Мұнда әдемі қыздың бейнесі сомдалады.

Ж2: Мұнда адамның дене мүшелерінің атауы бар: иық, шаш. Ал «қолаң» сөзі тек шашқа қатысты қолданылатын сипаттаушы сөз.

Экран/монтаж: қос = екі; иық + тан; бұра + л + ған; қолаң шаш.

3-тармақ

 «Айқаракөз, жүрмісің сау-саламат»

Ж1: Тыңдайық: «Айқаракөз, жүрмісің сау-саламат». «Айқаракөз» – әндегі сүйкімді атау, қаратпа есім. «Жүрмісің» – жағдайың қалай, «аман жүрсің бе» деген мағынада. «Сау-саламат» – аман-есен, жақсы деген амандасу мәніндегі тіркес.

Ж2: «Жүрмісің сау-саламат?»: бұл қазақша амандасудың поэтикалық түрі: 

Экран/монтаж: жүр + мі + сің; сау-саламат = аман-есен.

4-тармақ

 «Қызыл гүлім-ай!»

Ж1: «Қызыл гүлім-ай!». «Қызыл гүл» – сүйікті адамды гүлге теңеу. «Гүлім» сөзіндегі -ім меншіктеу жалғауы жақындықты береді. «-ай» – эмоцияны жұмсартады.

Ж2: Бұл жол қысқа болса да, қазақша еркелету жүйесін жақсы көрсетеді: гүлім, сәулем, жаным.

Экран/монтаж: гүл + ім + ай. Экранда гүл және «-ай» дыбыс белгісі.

5-тармақ

«Жөнің бөлек, Айқаракөз»

Ж1: «Жөнің бөлек, Айқаракөз». «Жөнің бөлек» – сенің орның бөлек, сен ерекше адамсың деген тұрақты мағыналы тіркес. «Жөн» сөзі мұнда жол немесе тәртіп емес, ерекшелік мағынасына жақын.

Ж2: Күнделікті өмірде «Сенің жөнің бөлек» деп қолдануға болады. 

Экран/монтаж: жөн + і + ң; бөлек = ерекше.

6-тармақ

«Жүрмісің сау-саламат»

Ж1: «Жүрмісің сау-саламат». Бұл жол қайталанады. Қайталау әндегі сұрақты күшейтеді: лирикалық кейіпкер сүйікті адамның амандығын қайта-қайта білгісі келеді.

Ж2: Қайталау кезінде көрерменге осы жолды өзімен бірге айтқызамыз.

Экран/монтаж: Қайталау анимациясы: «амандық сұрау».

7-тармақ

«Қызыл гүлім-ай!»

Ж1: «Қызыл гүлім-ай!». Бұл қайталау алдыңғы қаратпаны бекітеді. Әнде қайталану болмаса да жаңа ақпарат бермесе де, эмоцияны күшейтеді.

Ж2: Көрерменге «-ай» бөлшегін тағы бір рет еске саламыз.

Экран/монтаж: гүлім-ай = жылы қаратпа + эмоция.

8-тармақ

«Алтын қайық жарасар күймесімен»

Ж1: «Алтын қайық жарасар күймесімен,». «Алтын қайық» – қымбат, әсем бейне. «Жарасар» – үйлеседі, лайық болады. «Күймесімен» –күйме- күймесімен бірге деген мағына. Бұл жолда заттардың үйлесімі арқылы адам мен сүйіспеншілік үйлесімі бейнеленеді.

Ж2: Мұнда «жарасу» сөзін үйренеміз: «саған жарасады», «бір-біріне жарасады».

Экран/монтаж: алтын; қайық; жарас + ар; күйме + сі + мен.

Күйме — адам отыруға лайықталған, үсті жабық, әдетте арбаға, шанаға немесе көлікке қондырылған жеңіл баспана немесе арнайы жабдықталған орын.

9-тармақ

«Наздана алмас сұлу қыз сүймесімен»

Ж1: «Наздана алмай сұлу қыз сүймесімен». «Наздану» – еркелеу, сәл қылымсу, нәзік мінез көрсету. «Сұлу қыз» – әдемі қыз. Бұл жолдың поэтикалық құрылымы қазіргі сөйлеу тілінен күрделірек, сондықтан негізгі мағына ретінде нәзіктік пен сүйіспеншілік байланысын түсіндіреміз.

Ж2: «Наз» және «наздану» сөздерін бөлек көрсетуге болады. Бұл сөздер қазақ лирикасында жиі кездеседі.

Экран/монтаж: наз; наздану; сұлу; сүйіспеншілік.

10-тармақ

«Айқаракөз, жүрмісің сау-саламат»

Ж1: «Айқаракөз, жүрмісің сау-саламат». Жол қайталанып тұр. Қайталау арқылы әннің негізгі сұрағы есте қалады: «аман жүрсің бе?»

Ж2: «Сау-саламат» тіркесін дауыстап қайталаймыз.

Экран/монтаж: Қайталау: Айқаракөз + сау-саламат.

11-тармақ

«Қызыл гүлім-ай!»

Ж1: «Қызыл гүлім-ай!». Қайталау. Бұл жол көрерменге қазақша қаратпаны қолдануға үйретеді.

Ж2: Гүлім-ай...

Экран/монтаж: Экранда: гүлім-ай.

12-тармақ

Тармақ: «Жөнің бөлек, ай, бұлбұлым»

Ж1: «Жөнің бөлек, ай, бұлбұлым». Тағы да қайталау. Бірақ қаратпа сөз өзгерді: бұлбұлым.

Ж2: Күнделікті сөйлемге айналдырамыз: «Бұл әннің жөні бөлек».

Экран/монтаж: жөнің бөлек = ерекше.

13-тармақ

«Жүрмісің сау-саламат»

Ж1: «Жүрмісің сау-саламат». Қайталау. Бұл жолды амандасу формасы ретінде есте сақтаймыз.

Ж2: Көрерменге сұрақ: «Сау-саламатсыз ба?» дегенді қай кезде айтамыз?

Экран/монтаж: сау-саламат = аман-есен.

14-тармақ

«Қызыл гүлім-ай!»

Ж1: «Қызыл гүлім-ай!». Қайталау. «-ай» бөлшегі эмоцияны қайта сездіреді.

Ж2: Қысқа әрі жүрекке жылы тиетін, ерекше сезімге бөлейтін жол.

Экран/монтаж: «-ай» бөлшегі үлкейтіледі.

15-тармақ

«Күндіз ойдан кетпейсің, түнде түстен»

Ж1: «Күндіз ойдан кетпейсің, түнде түстен,». «Күндіз» және «түнде» – мезгілді білдіретін сөздер. «Ойдан кетпейсің» – ойымнан шықпайсың. «Түстен» – түс көруден, түс әлемінен. Бұл жол адамның күндіз де, түнде де біреуді ойлайтынын көрсетеді.

Ж2: Көрерменге сөйлем береміз: «Сен ойымнан кетпейсің».

Экран/монтаж: күндіз / түнде; ой + дан; түс + тен.

16-тармақ

«Тал бойыңда бір мін жоқ»

Ж1: «Тал бойыңда мінің жоқ». «Тал бойы» – адамның толық бітімі, тұла бойы. «Мін» – кемшілік. «Мінің жоқ» – сенде кемшілік жоқ деген поэтикалық мақтау.

Ж2: Бұл жолда мақтау мәдениетін түсіндіреміз: қазақ лирикасында сүйікті адам идеал бейнеге айналады.

Экран/монтаж: тал бойы; мін жоқ.

17-тармақ

«Жөнің бөлек, ай, бұлбұлым»

Ж1: «Жөнің бөлек, ай, бұлбұлым,». «Бұлбұлым» – сүйікті адамды бұлбұл құсқа теңеу. Бұлбұл қазақ поэзиясында әдемі дауыс, нәзіктік, сұлулық символы. «Ай» – эмоциялық бөлшек.

Ж2: «Бұлбұл» сөзі – әншілікке қатысты мәдени символ.

Экран/монтаж: бұлбұл + ым; жөнің бөлек; ай.

18-тармақ

«Жүрмісің сау-саламат»

Ж1: Қазір осы жолды тыңдайық: «Жүрмісің сау-саламат». Қайталау. Сабақтың соңында осы тіркесті амандасу ретінде қайта бекітеміз.

Ж2: Қайталаймыз: «Сау-саламат».

Экран/монтаж: сау-саламат 

19-тармақ

 «Қызыл гүлім-ай!»

Ж1: «Қызыл гүлім-ай!». Қорытынды қайталау. Әннің жылы эмоциясы осы қаратпамен аяқталады.

Ж2: Бір ғана «гүлім-ай» сөзінде меншіктеу мағынасы, мейірім және сезім бар.

Экран/монтаж: гүл + ім + ай = менің гүлім, эмоциямен.

Сабақ соңындағы сөз

Ж1: Бүгінгі негізгі тіркестер: «жөнің бөлек», «сау-саламат», «ойдан кетпейсің», «гүлім-ай».

Ж2: Көрерменге тапсырма: бір адамды мақтап, «жөнің бөлек» тіркесімен сөйлем жазыңыз.

Экран/монтаж: Комментарий: «Бұл әннің жөні бөлек, өйткені ...».