← Артқа

Бейнесабақ сценарийі

Бұл сабақта біз «Махаббат бер маған» әні арқылы өтініш айту, тағдырға тіл қату, жан мен жүрек образдарын түсінеміз. Әннің негізгі өтініші қарапайым сияқты: «махаббат бер». Бірақ мәтінде мұң, үміт, құлау, қайта көтерілу және бақыт іздеу бар. Бұл бейнесабақтағы әріптерді, дыбыстарды және фонетикалық ерекшеліктерді түсіну үшін осы сілтемедегі кіріспе видеоны көруіңізге болады:

https://abai.institute/learn/dimash-songs/4

Талдау

 «Махаббат бер маған»  

Ж1: «Махаббат» – әннің негізгі ұғымы. «Бер» – бұйрық рай, біреуден бір нәрсе сұрау формасы. «Маған» – барыс септік, яғни әрекет маған бағытталған. Қазақша қалыпты реті «маған махаббат бер» болуы мүмкін, ал әнде сөз реті поэтикалық түрде ауысқан.

Ж2: Күнделікті сөйлеуге ауыстырсақ: «маған уақыт бер», «маған мүмкіндік бер», «маған үміт бер». Әнде осы үлгі «маған махаббат бер» болып тұр.

Экран/монтаж: маған + зат + бер. «Бер» сөзі үлкен болып шығады, «маған» сөзі бағыт көрсеткішімен беріледі.

 

1-тармақ

«Жан жүдеу, жабырқау – мұңайдым»

Ж1: «Жан жүдеу, жабырқау – мұңайдым». «Жан» – адамның ішкі әлемі. «Жүдеу» – әлсіреген, қуаты азайған күй. «Жабырқау» – көңілдің түсуі. «Мұңайдым» – өткен шақ, бірінші жақ: мен мұңайдым. Бір тармақта үш қабат сезім бар: жан шаршады, көңіл жабықты, адам мұңайды. 

Ж2: Дайын сөйлемдер береміз: «Мен мұңайдым» және поэтикалық нұсқа: «Жаным жабырқап тұр».

Экран/монтаж: жан; жүдеу; жабырқау; мұңай + ды + м.

 

2-тармақ

«Айға ұқсап аспандағы» 

Ж1: «Айға ұқсап» – теңеу. «Ұқсау» етістігі бір нәрсенің екінші нәрсеге ұқсастығын білдіреді. «Аспандағы» сөзі алыстық пен биіктікті көрсетеді. Мұнда ай әдемілік қана емес, жалғыздық пен қол жетпес биіктіктің де бейнесі.

Ж2: Бұл жолды түсіндіргенде «ұқсап» сөзін негізгі грамматика ретінде аламыз: «айға ұқсайды», «гүлге ұқсайды», «әнге ұқсайды».

Экран/монтаж: ай + ға; ұқса + п; аспан + да + ғы.

 

3-тармақ

«Сен мені биіктет сұраймын» 

Ж1: «Сен мені»  өтініш кімге бағытталғанын көрсетеді. «Биіктет» – «биік қыл», «көтер» деген мағынадағы бұйрық рай. «Сұраймын» сөзі бұйрық реңкін жұмсартып, өтінішке айналдырады. Мағынасы: махаббат мені рухани көтерсін, биіктетсін деген тілек.

Ж2: Бұйрық пен өтініштің айырмасын сезініңіз: «кел» – бұйрық, «келші» – өтініш, «сұраймын» – өтініш.

Экран/монтаж: биік > биіктет; сұра + й + мын; өтініш белгісі.

 

4-тармақ

«Тағдырдың баспалдағы»

Ж1: «Тағдырдың» – ілік септік: тағдырға тиесілі. «Баспалдақ» – жоғары немесе төмен қозғалысқа арналған саты. Бұл жол өмір жолын баспалдаққа теңейді: адам бірде көтеріледі, бірде төмендейді. 

Ж2: Алдыңғы тармақтағы «биіктет» сөзі осы «баспалдақ» бейнесімен байланысады. Яғни кейіпкер тағдыр баспалдағы арқылы жоғары көтерілгісі келеді.

Экран/монтаж: тағдыр + дың; баспалдақ; жоғары/төмен қозғалыс.

 

5-тармақ. Қайырма

«Махаббат бер маған, тағдыр»

Ж1: Бұл жерде «тағдыр» адам сияқты тыңдайтын адресатқа айналады. «Бер» – бұйрық рай, «маған» – барыс септік, бағыт. Күнделікті өмірде «Тағдыр, маған махаббат бер» деп айтар едік. 

Ж2: Айтамыз: «махаббат», «бер», «маған». Бұл – әннің негізгі өтініші.

Экран/монтаж: махаббат; бер = өтініш/бұйрық рай; маған = бағыт; тағдыр = қаратпа.

 

6-тармақ. Қайырма

«Махаббат бер маған»

Ж1: Бұл қайталау өтінішті күшейтеді. Әнде қайталау кейде жаңа ақпарат қоспайды, бірақ эмоцияны тереңдетеді. Мұнда кейіпкердің сұрауы үзілмей жалғасып тұр.

Ж2: Дауыс ырғағымен қайталаймыз. Бірінші рет жай өтініш түрінде, екінші рет үміттеніп айтамыз.

Экран/монтаж: қайталау = сезімді күшейту.

 

7-тармақ. Қайырма

«Махаббат бер маған тағдыр»

Ж1: Негізгі өтініш тағы қайталанады. Бұл жолда «тағдыр» сөзі өте маңызды: кейіпкер махаббатты нақты бір адамнан ғана емес, өмірден, тағдырдан сұрап тұр.

Ж2: Бұл жерде тағдырмен сөйлесу – поэтикалық тәсіл. Шынайы өмірде біз адаммен сөйлесеміз, ал поэзияда тағдырмен де сөйлесе аламыз.

Экран/монтаж: тағдырға тіл қату; қаратпа дауыс ырғағы.

8-тармақ. Қайырма

«Жүректі қозғаған»

Ж1: «Жүрек» – сезімнің орталығы. «Қозғаған» – қозғалған бір нәрсені қозғалтқан, оятқан деген есімше форма. Мағынасы: махаббат жүректі орнынан қозғайды, ішкі сезімді оятады.

Ж2: бұрынғы «Дайдидау» сабағында онда «іштің дертін қозғайсың» деген тіркес болды, мұнда «жүректі қозғаған» деп айтылады.

Экран/монтаж: жүрек + ті; қозға + ған.

 

9-тармақ. Қайырма

«Жанымды жалынға орап, үзілмей маздаған»

Ж1: «Жанымды» –  менің жанымды. «Жалынға орап» – сезімді отқа теңеу. «Үзілмей» –  тоқтамай, үздіксіз. «Маздаған» – жайлап, ұзақ жанып тұрған күй. Бұл жолда махаббат жалын, от, жарық сияқты беріледі.

Ж2: Мұндағы кілт тіркес: «үзілмей маздау». Бұл бір сәттік сезім емес, ұзаққа созылатын ішкі жалын.

Экран/монтаж: жан + ым + ды; жалын + ға; ора + п; үзіл + мей; мазда + ған.

 

10-тармақ. Қайырма

«Махаббат бер маған, тағдыр»

Ж1: Қайырманың негізгі жолына қайта оралады. Ән құрылымында бұл жол тыңдарманның есінде қалатын басты сөйлемге айналады.

Ж2: «Бұл жолда кімнен сұрап тұр?» Жауап: тағдырдан.

Экран/монтаж: негізгі өтініш қайта оралады.

 

11-тармақ. Қайырма

«Махаббат бер маған»

Ж1: Тағы бір қайталау. Бұл жерде сөйлем қысқарады, бірақ сезім азаймайды. Керісінше, қысқа сөйлем өтінішті анық әрі күшейтеді.

Ж2: «Маған .. бер» үлгісін күнделікті сөйлеуде қалай қолданамыз: «маған уақыт бер», «маған мүмкіндік бер», «маған үміт бер».

Экран/монтаж: маған + зат + бер үлгісі.

 

12-тармақ. Қайырма

«Ешқашан, ешкімде, еш кез болмаған.»

Ж1: «Ешқашан», «ешкімде», «еш кез» – болымсыздықты күшейтетін сөздер. «Болмаған» – бұрын болмаған, кездеспеген. Кейіпкер жай махаббатты емес, бұрын ешкімде болмаған ерекше махаббатты сұрайды.

Ж2: «Еш» сөзінің үш рет қолданылуы қазақ тіліндегі болымсыздық мәнін күшейтіп, есте сақтауға көмектеседі.

Экран/монтаж: Экранда үш «еш» сөзі бірінен кейін бірі шығады. ешқашан; ешкімде; еш кез; бол + ма + ған.

13-тармақ

«Бұл өмір арманнан тұрады»

Ж1: «Бұл өмір арманнан тұрады» –  баяндау мәніндегі синтаксистік реті дұрыс сөйлем. 

Ж2: Күнделікті сөйлем: «Өмір арманнан тұрады». Бұл сөйлемді мотивациялық мәтінде де қолдануға болады.

Экран/монтаж: өмір; арман + нан; тұр + а + ды.

 

14-тармақ

«Қол жетпес асқақ бәрі»

Ж1: «Қол жетпес» –  қол жетпейтін, алыстағы, қиын мақсат. «Асқақ» –  биік, жоғары. Бұл жол арманның әдемі, бірақ оңай емес екенін көрсетеді.

Ж2: «Қол жетпес арман». Бұл тіркес қазақ тілінде жиі қолданылады.

Экран/монтаж: қол + жет + пес; асқақ = биік, жоғары.

 

15-тармақ

«Шың-құздан сан мәрте құладым»

Ж1: «Шың-құз» – биік әрі қауіпті жер бейнесі. «Сан мәрте» –  көп рет. «Құладым» –  өткен шақ, бірінші жақ. Кейіпкер өмірде талай рет құлағанын, яғни сәтсіздік көргенін айтады.

Ж2: Бұл жерде өмірдегі қиындық алмастыру арқылы берілген.

Экран/монтаж: шың-құз; сан мәрте; құла + ды + м. Шыңнан құлап жатқан адам бейнесі. Қайта тұрып, қайта құлап тұру керек.

 

16-тармақ

«Сан мәрте асқақтадым»

Ж1: «Асқақтадым» –  қайта көтерілдім, биіктедім, рухым жоғарылады деген мағына. «Сан мәрте» қайталанып, құлау мен көтерілу қатар қойылады. 

Ж2: Салыстырайық: «құладым» және «асқақтадым». Қазақ тілінде контраст арқылы мағына күшейеді.

Экран/монтаж: құладым ↔ асқақтадым; көп рет құлау, көп рет көтерілу.

 

17-тармақ

«Өшпейді үміттің шырағы»

Ж1: «Үміттің шырағы» –  тұрақты  тіркес. Үміт шам, жарық сияқты елестетіледі. «Өшпейді» – сөнбейді, жоғалмайды. Яғни кейіпкер қиындық көрсе де, ішіндегі үміт жарығы өшпейді. 

Ж2: Шырақ, жарық және жүректің шырағы. Мұнда ауыспалы мағына кездеседі.

Экран/монтаж: үміт + тің; шырақ + ы; өш + пейді. Шамды өшірсе де, қайта жанып тұратын анимация керек.

Шырақ – бөлмені, ашық алаңдарды және жекелеген заттарды жарықтандырып тұратын май шам. 

18-тармақ

«Қиыннан жасқанбадым.»

Ж1: «Қиыннан» – қиындықтан, ауыр жағдайдан. «Жасқанбадым» – қорықпадым, тайсалмадым. Бұл жол кейіпкердің қайсарлығын көрсетеді. 

Ж2: Сөйлеуге дайын құрылым: «Мен қиыннан/қиындықтан жасқанбадым». Оны «қиындықтан қорықпадым» деп те түсіндіруге болады.

Экран/монтаж: қиын + нан; жасқан + ба + ды + м.

 

19-тармақ

«Қай жерде бақыттың тұрағы?»

Ж1: Бұл – риторикалық сұрақ. «Бақыттың тұрағы» дегенде бақыт бір жерде тұратын сияқты бейнеленеді. Кейіпкер бақыттың қайда екенін іздеп тұр.

Ж2: «Тұрақ» сөзін мекен, орын мағынасында көрсетеміз: үйдің тұрағы, ойдың тұрағы, бақыттың тұрағы.

Экран/монтаж: қай жерде? бақыт + тың; тұрақ + ы. Үлкен әріптермен БАҚЫТ деген сөз жазылады.

 

20-тармақ

«Самғайды қасқалдағың!»

Ж1: «Қасқалдақ» –  құс атауы. «Қасқалдағың» сөзінде тәуелдік реңк бар. «Самғайды» –  биікке ұшады. Бұл жолда құстың ұшуы еркіндік, үміт және алға ұмтылу бейнесін береді.

Ж2: Мұңнан басталған ән үміт пен жоғарыға самғауға қарай ойысады.

Экран/монтаж: қасқалдақ; самға + йды; еркіндік бейнесі.

 

Сабақ соңындағы сөз

Ж1: Енді әннен күнделікті сөйлеуге өтеміз. Бүгінгі негізгі тіркестер: «жаным жабырқап тұр», «маған махаббат бер», «жүректі қозғау», «үміттің шырағы өшпейді», «қиыннан жасқанбадым», «бақыттың тұрағы».

Ж2: Көрерменге тапсырма: Осы тіркестердің біреуімен бір қазақша сөйлем жазыңыз. Мысалы: «Үміттің шырағы өшпейді».