← Артқа

Бейнесабақ сценарийі

Бұл сабақта біз «Ұмытылмас күн» әні арқылы ғашық болу, арман, бақыт және тағдыр туралы сөздердің мағынасын түсінеміз. «Ұмытылмас» деген сөз бір күннің жай күн емес, есте мәңгі қалатын күн екенін білдіреді. Бұл бейнесабақтағы әріптерді, дыбыстарды және фонетикалық ерекшеліктерді түсіну үшін осы сілтемедегі кіріспе видеоны көруіңізге болады:

https://abai.institute/learn/dimash-songs/4

«Ұмытылмас күн»

Ж1: «Ұмытылмас» сөзін бөлейік: ұмыт + ыл + ма + с. «Ұмыт» - түбір етістік. «-ыл» - ырықсыз етіс реңкі: ұмытылу. «-ма» - болымсыздық. «-с» - келер шақтық есімше реңкі. Яғни «ұмытылмас» - ұмытылмайтын, есте қалатын.

Ж2: Бір ғана сөздің ішінде әрекет те, болымсыздық та, уақытқа ұзақтық мағынасы да бар. Сондықтан «ұмытылмас күн» – жай күн емес, өмір бойы есте қалатын күн.

Экран/монтаж: ұмыт -> ұмытыл -> ұмытылма -> ұмытылмас. Соңында: «есте қалатын күн».

 

1-тармақ

 «Бір көргеннен ғашық болдым өзіңе» 

Ж1: «Бір көргеннен» –  бір рет көрген сәттен бастап деген мағына. «Ғашық болдым» - өткен шақ, бірінші жақ: мен ғашық болдым. «Өзіңе» – дәл саған. Бір жолда алғашқы сәт пен үлкен сезім қатар берілген.

Ж2: Көрерменге дайын тіркес: «бір көргеннен ғашық болдым». Бұл – романтикалық мәтіндерде жиі қолданылатын құрылым.

Экран/монтаж: бір + көр + ген + нен; ғашық бол + ды + м; өз + ің + е.

 

2-тармақ

 «Еркелеген балдай тәтті сөзіңе»

Ж1: «Еркелеген» –  ерке, нәзік, жылы үнмен айтылған. «Балдай тәтті» –  бал сияқты тәтті деген теңеу. «Сөзіңе» –  сенің сөзіңе. Бұл жолда дыбыс пен мінез дәмге теңеледі.

Ж2: Мұнда -дай теңеу жасайды. Мысалы: балдай тәтті, айдай сұлу, гүлдей нәзік.

Экран/монтаж: ерке + ле + ген; бал + дай; тәтті; сөз + і + не.

 

3-тармақ

 «Қылығыңмен баурап алдың жанымды»

Ж1: «Қылық» – мінез, әрекет, сүйкімді қимыл. «Қылығыңмен» –  өз қылығың арқылы, -мен көмектес септік. «Баурап алдың» –  өзіңе тартып алдың, қызықтырдың, бағындырдың. «Жанымды» –  менің жанымды. 

Ж2: Бұл жолдағы «баурап алдың» тіркесі біреудің көңілін толық өзіне аудару дегенді білдіреді. 

Экран/монтаж: қылық + ың + мен; баура + п ал + дың; жан + ым + ды.

4-тармақ

 «Қарай бердім нұрға толы жүзіне»

Ж1: «Қарай бердім» – қайта-қайта қарадым, көзімді ала алмадым деген мағына. «Нұрға толы» – жарыққа, мейірімге, сұлулыққа толы. «Жүзіне» – оның жүзіне, бет-бейнесіне.

Ж2: «Қарадым» және «қарай бердім» айырмасы бар, екіншісі әрекеттің жалғасқанын білдіреді.

Экран/монтаж: қара + й бер + ді + м; нұр + ға толы; жүз + і + не.

 

5-тармақ. Қайырма

 «Пай-пай, шіркін, Ұмытылмас күн»

Ж1: «Пай-пай» – таңдану, сүйсіну одағайы. «Шіркін» сағыныш, сүйсіну, қызығу реңкін береді. «Ұмытылмас күн» – есте мәңгі қалатын күн. Бұл жол әннің негізгі эмоциясын ашады.

Ж2: Пай, пай, шіркін, сөздері аударылмайды, эмоцияны жеткізеді.

Экран/монтаж: пай-пай; шіркін; ұмыт + ыл + ма + с; күн.

 

6-тармақ. Қайырма

 «Пай-пай, шіркін, Ұмытылмас күн»

Ж1: Қайталанған жол. Қайталау арқылы «ұмытылмас күн» тіркесі әннің жүрегіне айналады. Мұнда тыңдарман бір күннің ерекше болғанын сезеді.

Ж2: Осы жолды дауыс ырғағымен қайта айтайық.

Экран/монтаж: қайталау = естелік сезімін күшейту.

 

7-тармақ. Қайырма

 «Аңсап күткен арманым сен»

Ж1: «Аңсау» – қатты сағыну, көптен қалау. «Күткен» –  күту етістігінің есімше түрі. «Арманым» –  менің арманым. «Сен» сол арманның нақты адамға айналғанын көрсетеді.

Ж2: Абстракт арман нақты адамға бағытталады.

Экран/монтаж: аңса + п; күт + кен; арман + ым; сен.

 

8-тармақ. Қайырма

 «Алаулаған таңдарым сен»

Ж1: «Алаулаған» –  оттай жанған, жарық шашқан. «Таңдарым» – менің таңдарым, жаңа күндерім. Сүйікті адам таңның жарығына теңеледі.

Ж2: Бұл жерде махаббат таң, жарық, жаңа бастау образымен беріледі.

Экран/монтаж: алау + ла + ған; таң + дар + ым; жарық бейнесі.

 

9-тармақ. Қайырма

 «Алақанда аялайтын»

Ж1: «Алақанда» мекенді, тұрақты білдіреді. «Аялайтын» – қорғап, мәпелеп, нәзік жақсы көретін. Бұл жол келесі тармақпен тіркесіп толық мағынаға ие болады.

Ж2: Аялау жай жақсы көру емес, қорғап, қадірлеп жақсы көру.

Экран/монтаж: алақан + дай; ая + ла + йтын. Алақанда қыз отырады.

 

10-тармақ. Қайырма

 «Аңсарым да ардағым сен» 

Ж1: «Аңсарым» –  сағынышым, көптен қалағаным. «Ардағым» – қадірлім, ең қымбат адамым. «Да» қосымша мән береді: сен менің аңсарым да, ардағым да болдың.

Ж2: алдыңғы жолмен байланыстырады: «алақандай аялайтын» адам –  осы «аңсарым да, ардағым сен».

Экран/монтаж: аңсар + ым; ардақ + ым; да; сен.

 

11-тармақ

 «Жүрекке ешкім жүргізе алмас әмірін»

Ж1: «Жүрекке» – сезімге. «Ешкім» –  бірде-бір адам. «Жүргізе алмас» –  жүргізе алмайды, билік ете алмайды. «Әмірін» –  бұйрығын, билігін. Мағынасы: жүрекке ешкім әмір жүргізе алмайды.

Ж2: «Жүрекке әмір жүрмейді» деген мәтел бар.

Экран/монтаж: жүрек + ке; ешкім; жүргіз + е ал + мас; әмір + ін.

 

12-тармақ

 «Сөндіре алмас сезімімнің жалынын»

Ж1: «Сөндіре алмас» –  сөндіре алмайды. «Сезімімнің» –  менің сезімімнің, ілік септік. «Жалынын» –  жалынды, отты. Сезім отқа теңеледі, ал ол отты ешкім өшіре алмайды.

Ж2: «Жүргізе алмас» және «сөндіре алмас» формалары мүмкін еместікті білдіреді. 

Экран/монтаж: сөндір + е ал + мас; сезім + ім + нің; жалын + ын.

 

13-тармақ

 «Бақыттымын бұл әлемде сені егер»

Ж1: «Бақыттымын» – мен бақыттымын. «Бұл әлемде» – осы дүниеде. «Сені егер» деген жерден шарт басталады, бірақ ой келесі тармақта толық аяқталады. Сондықтан бұл жолды жалғыз емес, келесі жолмен бірге түсіндіреміз.

Ж2: Бір сөйлем екі, үш тармаққа бөлініп айтыла береді.

Экран/монтаж: бақытты + мын; бұл әлем + де; егер = шарттың басталуы.

 

14-тармақ

 «Тағдырыма тарту етсе тәңірім»

Ж1: Бұл жол алдыңғы шартты аяқтайды: егер Тәңірім сені тағдырыма тарту етсе, мен бақыттымын. «Тағдырыма» – менің тағдырыма. «Тарту ету» – сыйлау, сый ретінде беру. «Тәңірім» –  жоғары, поэтикалық діни-рухани қаратпа.

Ж2: «Егер тәңірім сені тағдырыма тарту етсе, мен бақыттымын». 

Экран/монтаж: тағдыр + ым + а; тарту ет + се; тәңір + ім.

15-тармақ. Қайырма

 «Пай-пай, шіркін, Ұмытылмас күн»

Ж1: Қайырма қайта келеді. Енді көрермен «пай-пай», «шіркін», «ұмытылмас» сөздерінің сезімін бұрынғыдан жақсы түсінеді.

Ж2: Осы жолдағы ең эмоциялық сөзді таңдаңыз.

Экран/монтаж: одағай + сүйсіну + естелік.

 

16-тармақ. Қайырма

 «Пай-пай, шіркін, Ұмытылмас күн»

Ж1: Қайталау әннің есінде қалатын бөлігін бекітеді. Бір күннің ұмытылмас болуы - бүкіл мәтіннің негізгі өзегі.

Ж2: Ұмытылмас күн...

Экран/монтаж: ұмытылмас күн = негізгі тіркес.

 

17-тармақ. Қайырма

 «Аңсап күткен арманым сен»

Ж1: Бұл жол қайталанады. «Аңсап күткен» –  көптен күткен, жүрек қалаған. «Арманым сен» сүйікті адамның арманға айналғанын көрсетеді.

Ж2: Сен менің арманымсың.

Экран/монтаж: аңсау; күту; арманым сен.

 

18-тармақ. Қайырма

 «Алаулаған таңдарым сен»

Ж1: Қайталанған жол. Сүйікті адам жаңа күннің жарығы ретінде бейнеленеді. «Алаулаған» сөзі сезімнің ыстық әрі жарық екенін береді.

Ж2: «Таң» және «алау» бейнелерін елестетейік.

Экран/монтаж: алаулаған таң = жарық, үміт, жаңа бастау.

 

19-тармақ. Қайырма

 «Алақандай аялайтын»

Ж1: Қайталау. «Алақандай» сөзі жақындық пен нәзіктікті күшейтеді. «Аялайтын» –  үздіксіз қамқорлық пен қадірлеу.

Ж2: «Мен .. аялаймын» бойынша сөйлем құрап көріңіздер.

Экран/монтаж: алақандай; аялайтын.

 

20-тармақ. Қайырма

 «Аңсарым да ардағым сен»

Ж1: Соңғы жол әндегі сезімді түйіндейді. «Аңсарым» –  қалағаным, «ардағым» –  қадірлім. Екеуі қосылып, сүйікті адамның жүректегі орнын көрсетеді.

Ж2: Осы соңғы жолда әннің негізгі мағынасы ашылады: сен – арман, таң, аңсар және ардақсың.

Экран/монтаж: аңсарым + ардағым = қымбат адам.

Сабақ соңындағы сөз

Ж1: Осы әннен күнделікті сөйлеуге алатын тіркестер: «бір көргеннен», «ғашық болдым», «балдай тәтті сөз», «баурап алу», «ұмытылмас күн», «жүрекке әмір жүрмейді», «сезімнің жалыны».

Ж2: Көрерменге тапсырма: «ұмытылмас» сөзімен бір сөйлем жазыңыз. Мысалы: «Бұл күн мен үшін ұмытылмастай болды».

 

Қорытынды сөйлеу блогы

Ж1: Бес әннің бәрінде қазақ тілінің бір ортақ ерекшелігі көрінеді: сезім тура айтылмайды, көбіне ай, гүл, тау, жүрек, жалын, шырақ, таң сияқты бейнелер арқылы беріледі.

Ж2: Мәтінді ағылшын тіліне аударғанда сөзбе-сөз аудармадан бұрын сол бейнелердің сезімін сақтау маңызды.

Экран/монтаж: Соңғы титр: «Димаш әндері арқылы қазақ тілін үйрену».


Барлық серияға ортақ қорытынды

Ж1: Димаш орындаған қазақ әндері арқылы біз тек сөз жаттамаймыз. Біз қазақ тілінің қалай сезінетінін, суретті сөзбен қалай салатынын, қалай еркелететінін үйренеміз. 

Ж2: Әр әннен бір сөйлем алып, оны күнделікті сөйлеуге айналдырамыз. Осылайша ән – тіл үйренудің көпірі болады.

Экран/монтаж: Соңғы титр: «Қазақ тілін ән арқылы үйреніңіз».