Онлайн біліктілік арттыру курсы өз жұмысын бастады

Онлайн біліктілік арттыру курсы өз жұмысын бастады

Абай институты ұйымдастырған «Қазақ тілін үйрету: отандық және шетелдік тәжірибе» тақырыбындағы онлайн біліктілік арттыру курсы өз жұмысын бастады. Жалпы, курсқа шетелде және елімізде қазақ тілін насихаттап, тіл үйретіп жүрген 80-нен аса маман тіркелді. Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан кіріспе сөз сөйлеп ашты. Алғашқы дәрісті Абай атындағы ҚазҰПУ филология факультетінің оқытушысы, PhD докторант Нәби Назерке бастады. Ол білім алушылардың айтылым дағдысын 4К моделі арқылы дамытудың тиімді әдістеріне тоқталып, қатысушыларға практикалық тапсырмалар берді. Сонымен қатар, дәрістің алғашқы күніне Алматы қаласындағы №44 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, педагогикалық ғылымдар магистрлері: Гүлдана Құдайбергенова мен Ардагер Несібелді спикер ретінде қатысты. Олар жасанды интеллект құралдары арқылы қазақ тілін оқытудың жаңа трендтері туралы сөз қозғап, тіл үйрену қосымшалары туралы айтып өтті. Цифрлық құралдармен жұмыс дағдыларын арттыру және әдістемелік материалдармен танысуға бағытталған бұл бас қосу тағы үш күнге созылмақшы.

Бөлісу