Жамал МАНКЕЕВА: Бәрі тілден басталады

Жамал МАНКЕЕВА: Бәрі тілден басталады

– Тіл туралы анықтама жетерлік. Ең алдымен, тілді құрал деп білеміз. Ал те­реңі­нен толғасақ, тілдің ат­қа­рар қызметі шексіз емес пе?

– Тіл дегеніміз – дәлелдеуді қажет етпейтін, аксиомаға айналған, әр ұлттың, әр қоғамның дамуының құралы, танымдық өзегі. Әсіресе, қазіргі қазақ қоғамында тілдің коммуникативтік қызметі ерекше сапаға айнала бара жатыр. Мәселен, «Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан» ұғымдарын жалаң түсінбей, шын мәнінде іске асыру керек болса, мұның да бірден-бір құралы – тіл. Яғни тіл тілші-ғалымдардың, журналистердің немесе қазақтілді жұртшылықтың ғана қолданыс құралы емес, ол – қоғамның қозғалысы. Қазіргі жаһандану заманында рухани даму мәселесі өзекті. Мұнда да тілдің атқарар рөлі басым. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» деген болатын. Яғни қазақ тілі ұлттың сақталуында қуатты рөл атқарады деген сөз.

– Бірақ қазір «шешен сөйлеуден» гөрі «дұрыс сөйлеу» мәселесін көп айтамыз.

– Иә, қазір қоғамдық сананың өзгеруіне байланысты тіл көркемдігінен айырылып барады. Қазақтың дәстүрлі сөзсаптауында ой еркіндігі, ой жүйелілігі мен жүйріктігі, сөзбен тоқтату, сөзден жаңылыстыру, тұспалдап сөйлеу, жасыра сөйлеу сияқты  сөйлеудің небір түрлері болды. Бұл сөйлеу түрлері арқылы халқымыз терең зейінділік пен ойлылық техникасын жоғары деңгейде меңгерді. Ал қазір көпшіліктің шешендіктен бұрын таза қазақша сөйлей алмайтыны рас. Бұған әсер етуші фактор көп. Дұрыс сөйлеу мәселесінде ерекше көзге түсетін тілдік құбылыстардың бірі – паразит сөздердің қолданылуы. Паразит сөздер – жат, артық, мағыналық жүгі жоқ дегенді білдіреді. Яғни жаргон, арго, сленгтер. Әдетте, семантикалық жүктемесі әлсіреген сөздер паразитке айналады.

– Өткен кезеңдермен салыстырғанда бүгінгі тілдік қолданыста қандай өзгешеліктер бар?

– Ана тіліміз мемлекеттік тіл мәрте­бесіне ие болғалы біраз жыл өтті. Содан бері қо­ғамдық сана да өзгерді. Қазақ тілі де уақыт желісімен бірге дамып, өз­геріске түсті. Жаттанды әуенге салып, «ті­ліміз құрыды, қазақ тілінің болашағы жоқ» деп борандата берудің қажеті жоқ. Өйткені бүгінгі қоғамның сипатына қарай икемделген қазақ тілінің дамуында көптеген ілгерілеу бар. Күні кешегі ел Президентінің Жол­дауында негізінен экономикалық ба­ғытқа басым­дық берілген. Эко­­­­но­ми­ка­лық бағдар да өзі­нен-өзі іске аспайтыны тағы анық. Оны жүзеге асыруға рухани, әлеу­­меттік, қоғамдық не­гіз болатын – тіл, тілдің қыз­­меті. Экономикалық са­на да, тұтынушылық сана да өз бе­ті­мен алға баспайды. Айналып келген­де бәрі қазақ тілінің танымдық өзе­гіне, әлеуетіне сүйену керек. Қо­ғамды жаң­ғырту дегеніміз, ең алдымен тіл арқылы сананы жаңғырту емес пе?! Яғни бәрі тілден басталады. Өз басым қазіргі қазақ баспасөзінің тілдің деңгейін, әлеуетін жетілдіру жолында жасап жат­қан жұмысын жоғары бағалаймын. Қор­даланған мәселелер осы баспасөз арқылы, тіл арқылы сарапқа түседі. Ахмет атамыз белгілеп кеткен әйгілі қағида бар – тілдің мүмкіншілігін сарқа пайдалану керек. Қазақ тілінің құдіреті, әлеуеті шексіз екенін білеміз. Орыс тілінің әсеріне байланысты сөйлеуде де, дыбысталуда да, сөз жасауда да, терминжасам саласында да көптеген мәселе туындады. Бір дүниені ұғу керек, біз калькалау әдісінен қашып құтыла алмаймыз. Бұл кез келген тілдің дамуында кездеседі. Дегенмен тілдің жанды құбылыс ретінде қазіргі жаһандану заманы ыңғайын қайта жаңғырған ұғым, сөздер бар. Мәселен, жаңа шық­қан кітап таныстырудағы «тұсау­кесер» сөзі. Ата-баба­мыз­дың салтына сай сөз жаңа заманда жаңаша мәнге ие болып отыр.

Ендігі бір мәселе, қаншама ғалым тілдің түп-тамырына үңіліп, қазып, қаузап, түрлі ең­бектер жазып жатыр. Бірақ сол ғылыми зерттеулер мен тіл­ді қол­данушылардың арасында байланысы жоқ. Оқулықтарға да зерттеулердің нәтижесін кіргізу қиын.

– Сөз мәдениетін қалай жетілдіреміз?

– Тәуелсіздік кезеңі қазіргі қоғамдық өмірдің барлық саласына көптеген оң өзгеріс әкелді. Атап айтқанда, ол өзгерістер ұлттық сананың жаңғыру үдерісіне ықпал етіп, танымдық өзек ретінде тіл менің қолданысынан да тыс қалған жоқ. Мемлекеттік мәртебе ана тілінің дамуын жаңа сапалық деңгейге көтерді. Осымен байланысты тілдің қоғамдық қызметін кеңейтіп, әлеуетін жан-жақты ашуға мүмкіндік беретін жаңа коммуникативтік кеңістіктер қалыптаса бастады. Оның ішінде жас ұрпақтың, әртүрлі кәсіп иелері мен әртүрлі аудиторияның ұлттық, ғылыми, мемлекетшілдік санасын ана тілінде игеруге бағытталған, мемлекеттік тілде сапалы зияткерлик хабар тарататын жаңа форматтағы бағдарламалар, интернет т.б. БАҚ-тың тілін қолданушы контент қалыптасып келе жатқаны да шындық.

Дегенмен, осы бағыттағы креативті ойлау жүйесі мен тың ізденістердің жаңару үрдісінде ана тілінің ішки заңдылықтарына, қолданыстың төл сипатына, дестүрлі сөз мәдениетіне сәйкес келмейтін олқылықтар да байқалады. Атап айтқанда, ол терминжасам үдерісіндегі мәнсіз калькалық үлгілер (баламалар), жөнсіз окказионализмдер, тіл болмысына сәйкес құрылмаған сөз тіркесі мен сөйлемдер сөзді қабылдауға теріс әсер ететін артық қыстырма сөздер (жаңағы, т.б). Ана тілінің құдыретін танытып, бар әлеуетін жан-жақты ашып, орынды қолданыс тапқан сөз жүйесін сақтап, дестүрлі қазақ сөзсаптам үлгісін жалғастыру – қазіргі таңда аса өзекті. Бұл, сайып келгенде, қазақ сөзінің қазіргі заманауи қоғамдағы коммуникативтік қызметінің сапасын көтереді. Шын мәнінде, тіл тұтынушының тезіне түскен сөз болмысының өзгеріп, құбылуы, дағдыдан тыс қолданысқа түсуінің оң/теріс сипаты оның тұлғалық танымына, біліміне, біліктілігіне байланысты. Сондықтан сөз мәдениеті мәселесін төл мәдениетіміздің сөз өнеріне негізделген тәрбиесине сай жетілдіру – өзекті мәселе.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен – Маржан ӘБІШ,

«Егемен Қазақстан» газеті

Ақпарат көзі: https://egemen.kz/amp/article/348395-zhamal-mankee...


Бөлісу